Астанада садақ атудан IV халықаралық «Гран При Астана» турнирінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Іс-шараға Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Руслан Есеналин мен Астана қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Азамат Агзамов қатысты.
Турнирге Оңтүстік Корея, Мексика, АҚШ, Тәжікстан, Өзбекстан, Швейцария елдерінен, сондай-ақ Бурятия, Мәскеу облысы, Саха Республикасы және Қазақстанның түрлі өңірлерінен спортшылар қатысуда.
«Бұл турнир алғаш рет 2021 жылы өткізіліп, сол кезден бастап алыс-жақын шетелден келген мықты мергендерді жинап келеді. Олардың қатарында Олимпиада жүлдегерлері, Еуропа және Азия чемпиондары бар. Биыл қонақжай Астана төрткінші рет әлемнің үздік спортшыларын қарсы алып отыр. Турнирге шет елдерден 111 спортшы қатысуда!» – деді жарыстың бас төрешісі, ұлттық жоғары санатты төреші Ли Ольга Николаевна.
Жарыстар классикалық және блоктық садақ ату бойынша, ерлер мен әйелдер, ұлдар мен қыздар, кадеттер, сондай-ақ 2011 жылы туған және одан кіші спортшылар арасында өтуде.
Жекелей, командалық және аралас санаттар бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер медальдармен және құрмет грамоталарымен марапатталады.
Турнир 28 маусымға дейін «Qazaqstan» жеңіл атлетикалық спорт кешенінің жазғы алаңында өтеді. Көрермендер үшін кіру тегін.


