Елордада 2027 жылдың мамыр айында өтетін үстел теннисінен әлем чемпионатының финалдық кезеңі — ITTF World Table Tennis Championships Finals Astana 2027 турнирінің ресми таныстырылымы өтті.
Салтанатты рәсім барысында көрермендерге Халықаралық үстел теннисі федерациясының (ITTF) туы, Astana 2027 чемпионатының ресми бейнеролигі және алдағы әлем біріншілігінің тұжырымдамасы таныстырылды.
Аталған шара Қазақстан тарихындағы үстел теннисі бойынша ең ірі спорттық оқиғалардың біріне дайындықтың символикалық бастауына айналды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, әлем чемпионатының туы Қазақстанға 2026 жылғы 10 мамырда Лондонда өткен әлем чемпионаты барысында табысталған. Сол кезде Халықаралық үстел теннисі федерациясының президенті туды Қазақстан үстел теннисі федерациясының өкілдеріне салтанатты түрде тапсырған болатын.
Таныстырылым барысында әлем чемпионатын Астанада өткізу халықаралық спорт қауымдастығының Қазақстанға деген жоғары сенімі мен құрметінің белгісі екені атап өтілді. 2027 жылы Қазақстанның бас қаласы әлемнің үздік теннисшілері бас қосатын дүниежүзілік үстел теннисінің орталығына айналады.
Іс-шараның ерекше бөлігінің бірі Astana 2027 ресми проморолигінің таныстырылымы болды. Бейнероликті дайындау барысында федерация продакшн-командамен бірлесіп, Қазақстанның заманауи келбетін, Астананың қарқынды дамуын және алдағы әлем чемпионатының ауқымын көрсететін арнайы сценарий әзірледі. Ролик алғаш рет Лондонда чемпионат туын тапсыру рәсімінде халықаралық аудиторияға ұсынылса, енді қазақстандық көрермендерге де ресми түрде таныстырылды.
Ұйымдастырушылардың пікірінше, әлем чемпионатын өткізу Қазақстандағы үстел теннисінің дамуына тың серпін беріп, Астананың өңірдегі ірі спорт орталықтарының бірі ретіндегі мәртебесін одан әрі нығайта түседі.






