Skip to content

АЗИЯ ЧЕМПИОНДАРЫНА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Василий Левит Вьетнамның Дананг қаласында өткен күрес түрлерінен жастар арасындағы Азия чемпионатының жеңімпаздары мен олардың жеке жаттықтырушыларымен кездесті.

Кездесу барысында басқарма басшысы спортшыларды халықаралық аренадағы жарқын жетістіктерімен құттықтап, чемпиондарды даярлауға зор үлес қосқан бапкерлерге алғысын білдірді. Ол елордалық балуандардың табысы отандық спорт үшін маңызды нәтиже екенін атап өтіп, олардың жеңістері жас буын спортшыларға үлгі болатынын жеткізді.

Жастар арасындағы Азия чемпионатында Астана қаласының спортшылары екі алтын медаль жеңіп алды.

Грек-рим күресінен 60 келі салмақ дәрежесінде бақ сынаған Айбек Айтбеков финалда сенімді жеңіске жетіп, Азия чемпионы атанды.

Ал еркін күрестен Ризабек Айтмұхан 125 келі салмақ дәрежесінде қарсыластарынан басым түсіп, құрлық біріншілігінің алтын медалін иеленді.

Сонымен қатар, Ризабек Айтмұхан халықаралық деңгейде тағы бір мәрте жоғары бағаланып, United World Wrestling (UWW) ұйымының нұсқасы бойынша мамыр айының үздік еркін күрес балуаны атанды. Бұл атақ оған жастар арасындағы Азия чемпионатындағы жарқын жеңісі үшін берілді.

Айта кетейік, Қазақстан құрамасы жастар арасындағы Азия чемпионатында табысты өнер көрсетіп, жалпы есепте 7 алтын, 10 күміс және 5 қола медаль жеңіп алды.

Пікір қалдырыңыз

Электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер *